Лос-Анджелес соты Голливуд актерлері Анджелина Джоли мен Брэд Питттің 21 жастағы қызы Захараның тегін өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Qandastar.kz басылымы PageSix порталына сілтеп хабарлады.
Сот шешіміне сәйкес, Захара Марли Джоли-Питттің аты-жөні енді Захара Марли Джоли болып өзгертілді. Құжатта өтінішке ешкім қарсылық білдірмегені көрсетілген.
Тегін өзгерту үшін жергілікті Los Angeles Daily Journal газетінде тиісті хабарландыру жариялау талап етілген. Захара бұл рәсімді бұған дейін орындаған.
Бойжеткен соңғы уақытта әкесінің тегін қолданбай, тек «Джоли» тегін пайдаланып келген. Атап айтқанда, ол Спелман колледжінде оқып жүрген кезінде және ресми іс-шараларда осы нұсқаны қолданған.
Захара — Джоли мен Питттің ажырасуынан кейін тегіне қатысты өзгеріс енгізген балаларының бірі. 2024 жылы олардың қызы Шайло 18 жасқа толған күні тегін өзгерту туралы сотқа өтініш берген. Ал Мэддокс пен Вивьен бұған дейін құжаттарында Питт тегін қолданудан бас тартқан. Сондай-ақ Нокстың мектеп аттестатынан әкесінің тегі алынып тасталған.