Мазмұнға өту
qandastar.

Британдық тақ мұрагері Уильям Қазақстанның иіктерді сақтап қалу тәжірибесіне назар аударды

Малика Хамит
Британдық тақ мұрагері Уильям Қазақстанның иіктерді сақтап қалу тәжірибесіне назар аударды

Қазақстанда киіктердің жойылып кету қаупінен аман қалып, санының миллиондап өсуі халықаралық деңгейде мойындалып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Ұлыбритания ханзадасы Уильям еліміздің табиғатты қорғау бағытындағы жұмысын ерекше атап өтті.

Уэльс ханзадасы бұл туралы 23 қазанда BBC арнасындағы The Graham Norton Show бағдарламасында айтты. Оның сөзінше, бір кездері жойылып кетудің алдында тұрған киіктердің саны бүгінде айтарлықтай артқан. Бұған Қазақстан үкіметінің жануарларды қорғауға көрсеткен қолдауы мен табиғатты сақтауға бағытталған жұмыстары ықпал етті.

Киіктер саны қалай өсті?

Қазақстанда 2003 жылы небәрі 20 мыңға жуық киік қалған еді. Ал 2024 жылы олардың саны 2,8 миллионнан асты. Бұл – сирек кездесетін жануарларды қорғау бағытындағы ауқымды нәтижелердің бірі.

Еліміздегі бұл тәжірибе халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. 2024 жылы Қазақстанның «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасы ханзада Уильям негізін қалаған The Earthshot Prize халықаралық экологиялық сыйлығының «Табиғатты қорғау және қалпына келтіру» аталымында жеңімпаз атанды.

Киіктерді қорғау жұмысы жалғасып жатыр

2005 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Алтын Дала» бастамасы киіктерді қорғауға, олардың мекендейтін аумақтарын сақтауға және дала экожүйелерін қалпына келтіруге бағытталған.

Жоба аясында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы және халықаралық серіктестер бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Қазақстанның бұл жетістігі табиғатты жүйелі қорғау арқылы жойылып кету қаупі төнген жануарлардың популяциясын қалпына келтіруге болатынын көрсетеді. Киіктер санының өсуі – еліміздің табиғи байлығын сақтаудағы маңызды нәтижелердің бірі.

Бөлісу: Telegram WhatsApp