Қазақстанда дәрілік препараттардың шекті бағасы қайта қаралып, нәтижесінде дәрілердің едәуір бөлігінің құны төмендеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жаңа есеп бойынша, 3 801 сауда атауындағы препараттың шекті бағасы арзандаған.
Бұл мемлекеттік реттеуге жататын дәрілердің жалпы санының 76%-ын құрайды.
Бағаның орташа төмендеуі 26,5% болған.
Сонымен қатар 947 препараттың бағасы өзгеріссіз қалды. Ал тізімге тағы 246 жаңа дәрі енгізілді.
2026 жылға арналған бағалар бойынша көтерме және бөлшек саудада сатылатын 2 055 препараттың шекті құны бекітілді. Оның ішінде бағасы орта есеппен 16%-ға төмендеген дәрілер бар, ал кейбір препараттардың бағасы өзгеріссіз қалған. Тізімге 169 жаңа позиция қосылды.
Бағадағы өзгерістер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясында халыққа берілетін дәрілерге де қатысты.
Осы бағыттағы 1 397 препараттың немесе 47,8%-ының бағасы орта есеппен 22,45%-ға төмендеді. Ал халықаралық патенттелмеген атаулар бойынша 453 позицияның шекті бағасы қайта қаралып, олардың құны орта есеппен 25,3%-ға азайған.
Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, өзгерістер дәрі бағасын есептеу тәртібін қайта қарауға байланысты енгізілген.
Жаңа жүйеде өндіруші көрсеткен баға тиісті құжаттармен расталып, басқа елдердегі құнымен салыстырылады. Бағаны анықтау кезінде ең төменгі үш көрсеткіштің орташа мәні ескеріледі. Бұл дәрінің шекті бағасын неғұрлым нақты белгілеуге мүмкіндік береді.
Бағаны тіркеу кезінде өндіруші немесе оның өкілі шарт, инвойс, кедендік декларация және басқа да растайтын құжаттарды ұсынады.
Қазақстан дәрі бағасын салыстыру үшін 10 референттік елдің деректерін пайдаланады. Олардың қатарында Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан бар.