Маңғыстауда туристік нысан салуға бөлінген қомақты мемлекеттік қаржының ізі банк депозитінен табылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кәсіпкерге демалыс базасын дамыту үшін мемлекеттен 117 млн теңге көлемінде субсидия берілген. Алайда тергеу барысында бұл қаржының мақсатты жұмсалмағаны анықталды.
Іс материалдарына сәйкес, кәсіпкер құрылыс көлемін әдейі асырып көрсетіп, жалған жобалық-сметалық құжаттар ұсынған. Кейбір құрылыс жұмыстары мүлде орындалмаған.
Тіпті ең қызығы, субсидия есебінен салынуы тиіс туристік нысанның шын мәнінде бұған дейін-ақ тұрғызылып қойғаны белгілі болған.
Кәсіпкер мұнымен тоқтамай, заңсыз алынған қаражатты депозитке орналастырған. Осы арқылы ол қосымша 5,6 млн теңге табыс көрген.
Сот кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.