Қазақстанда демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың заңмен белгіленген тәртібі бар. Жалпы ереже бойынша, қызметкерді демалыс күні оның жазбаша келісімінсіз жұмысқа шығаруға болмайды. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
ҚР Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, демалыс немесе мереке күні жұмысқа тарту үшін қызметкердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің тиісті актісі қажет. Алайда төтенше жағдай, табиғи апат, өндірістік авария салдарын жою, жазатайым оқиғалардың алдын алу немесе кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл жұмыстар кезінде қызметкердің келісімі талап етілмеуі мүмкін.
Сонымен қатар заңнамада жүкті әйелдер сияқты жекелеген санаттағы қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға шектеулер қарастырылған.
Демалыс немесе мереке күніндегі еңбекке ақы төлеу де арнайы тәртіппен жүргізіледі. Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, мұндай жұмыс үшін қызметкерге күндік немесе сағаттық мөлшерлемесі негізінде кемінде 1,5 есе мөлшерде ақы төленуі тиіс. Заңда көзделген тәртіппен қызметкердің өтініші бойынша басқа демалыс күні берілуі мүмкін.
Сондықтан жұмыс беруші де, қызметкер де демалыс күніндегі еңбекке тартудың заңды негіздері мен ақы төлеу тәртібін білуі маңызды.