Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде таралып жатқан аутизмді «толық емдеу» және «псевдоаутизм» туралы ақпараттарға сенбеуге шақырды. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, мұндай мәлімдемелердің ғылыми дәлелі жоқ және олар қоғамды жаңылыстыруы мүмкін.
Министрлік аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) – бұл баланың даму ерекшелігі екенін атап өтті. Ол тәрбиеге, гаджет қолдануға немесе вакцинаға байланысты пайда болмайды.
Сондай-ақ мамандар қазіргі таңда аутизмді толық емдейтін нақты әдіс жоқ екенін айтты. Күмәнді «емдеу тәсілдері» ата-аналардың уақыт жоғалтуына және кәсіби көмектен бас тартуына себеп болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері балаларға ерте диагностика жасап, мамандардың тұрақты қолдауын ұйымдастыру маңызды екенін жеткізді.