Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай мектеп бітіру кештерінде сән-салтанатты шектеп, бірыңғай тәртіп енгізуді ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары түлектер кеші білім алудың аяқталуын атап өтетін мерекеден гөрі қымбат сыйлықтар мен қаржылық мүмкіндіктерді көрсету алаңына айналып барады.
Оның сөзінше, биыл бірқатар өңірде қымбат көліктерден құралған кортеждер тіркеліп, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кейбір түлектердің ата-аналары жауапкершілікке тартылған.
Жарқынбек Амантай мұндай үрдістер ата-аналарға қосымша қаржылық салмақ түсіріп, оқушылар арасында әлеуметтік теңсіздікті күшейтетінін атап өтті. Осыған байланысты ол мектеп бітіру кештерін өткізудің ортақ ережелерін әзірлеп, білім мен тең мүмкіндіктер құндылығын насихаттау жұмыстарын күшейтуді ұсынды.