Бүгін мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев елімізде жол-көлік оқиғасының күрт өскеніне алаңдаушылық білдіріп, жол апатын азайтуға қатысты бірнеше ұсыныс айтты, деп жазады qandastar.kz сайты KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Депутат ұсынған шешімдердің бірі – жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу.
Біріншіден, жүргізуші жауапкершілігі. Тек 2024 жылы 12,6 миллион жол ережесін бұзу фактісі тіркелсе, 2025 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 9,7 миллионға жеткен. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны 16 мыңнан асады. Сондықтан жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу керек
Сондай-ақ, ол жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілерін түбегейлі тоқтату керектігін жеткізді.
Нартай Сәрсенғалиевтың айтуынша, көлікке заңсыз орнатылған LED және Bi-LED шамдарға да қатаң тыйым салу қажет.
Қарсы бағыттағы жүргізушінің көзіне шағылысатын жарық талай адамның жарық дүниемен қоштасуына себеп болып отыр
Сонымен қатар депутат дронды жол сапасын бақылауға пайдалану, жол салу мен бақылаудың жаңа, ашық тетігін енгізу, біржолақты жолдарды кеңейту сынды ұсыныстар айтты. Оның сөзінше, біржолақты трассалар – өлім ошағы.