Мазмұнға өту
qandastar.

Депутаттар Құрылтай Регламентін қабылдады

Бақытжан Мұса · · 25 қаралым
Депутаттар Құрылтай Регламентін қабылдады

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Құрылтай Регламентін қабылдады. Құжат жаңа Конституцияның нормаларына және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес әзірленген. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.

Регламент Құрылтай депутаттарының қызметін және орган жұмысының ұйымдастырылу тәртібін айқындайды. Құжатта Құрылтайдың бір палаталы моделіне және оның жаңа конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес отырыстарды өткізу тәртібі біріздендірілген.

Регламент бойынша заң жобаларын қараудың үш кезеңді моделі енгізілді. Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі ережелері, мақсаты мен міндеттері талқыланады. Екінші оқылымда бас комитеттің салыстырмалы кестесіне енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда заң жобасының түпкілікті редакциясы Конституцияға сәйкестігі және құқықтық олқылықтарды жою тұрғысынан қаралады.

Ал халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау екі оқылымда жүзеге асырылады.

Құжатта жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимыл тәртібі де жеке қарастырылған. Оның өкілдері өз өкілеттіктеріне жататын мәселелер бойынша тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатыса алады.

Сонымен қатар депутаттық әдеп қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастыру тәртібі белгіленді.

Регламенттің қорытынды ережелері заң шығару процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Бұған дейін Мәжіліске енгізілген заң жобаларын Құрылтай жаңа Регламент талаптарына сәйкес қарауды жалғастырады.

Осылайша, құжат Парламенттің екі палаталы моделінен бірыңғай Құрылтай жүйесіне көшу кезінде құқықтық сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp