Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік концерттік туры Германияның Дюссельдорф қаласында жалғасты. 24 қазанда PSD BANK DOME аренасында өткен DIMENSIONS шоуында өнер иесі өзінің авторлық шығармаларын ұсынып, көрермендерге жаңа музыкалық туындыларын таныстырды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Концерттік бағдарламадағы әндердің жартысынан астамында Димаш орындаушы ғана емес, композитор ретінде де көрінді. Шоу турдың атауымен аттас әнмен басталып, одан кейін «Somebody Loves You» композициясы орындалды.
Бағдарламаға «Fire» және «Самғау» әндері де енді. Бұл туындылар «Voice Beyond Horizon» жобасына арнайы жазылған. Сонымен қатар көрермендер әншінің бұрынғы шығармаларын, соның ішінде «Ұмытылмас күн», «Give Me Your Love» және «The Story of One Sky» әндерін тыңдады.
Димаш қазақ тіліндегі «Өмір» әнін орындап, алғаш рет жаңа тур аясында «Moonlight» туындысын да ұсынды. Сондай-ақ концертте түрік тіліндегі «Yazgi», ағылшын тіліндегі «Tell Me Why» және қазақ тіліндегі «Жаңа күн» шығармалары орындалды.
Әншінің айтуынша, қазіргі уақытта жаңа альбом әзірленіп жатыр. Оған Димаш автор әрі музыкалық продюсер ретінде қатысқан шығармалар енеді.
DIMENSIONS әлемдік концерттік туры жалғасуда. Келесі концерт Испанияның Мадрид қаласында өтеді.