Мазмұнға өту
qandastar.

«Дін мемлекеттен бөлек»: министрлік мектептегі киім мәселесіне түсініктеме берді

Малика Хамит · · 240 қаралым
«Дін мемлекеттен бөлек»: министрлік мектептегі киім мәселесіне түсініктеме берді

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналарды мектеп формасына қатысты талаптар да қызықтыра бастады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеге байланысты негізгі ережелерді түсіндірді.

Қазақстан мектептерінде форма күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оның үлгісі оқушылардың жасына, ауа райына, мектептегі температураға және қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек.

Мектеп формасын кім таңдайды?

Форманың нақты үлгісін мектептің өзі ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес және оқушылардың өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп анықтайды. Соңғы шешім жалпы ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Министрлік мектептердің белгілі бір киім өндірушісін немесе дүкенді міндетті түрде ұсынуына болмайтынын атап өтті. Яғни ата-ана форманы өзі қалаған сауда желісінен сатып ала алады.

Ал діни киімге қатысты ше?

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, Қазақстандағы білім беру жүйесі зайырлы сипатта. Сондықтан мектеп формасына қойылатын талаптар осы қағидаларға сәйкес белгіленеді.

Сонымен қатар мектеп ғимараты ішінде бас киім киюге қатысты талаптар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген тәртіппен реттеледі.

Әлеуметтік осал отбасыларға көмек бар

Мектепке дайындық кезінде әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына да мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның аясында мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға қаржы бөлінеді.

2026-2027 оқу жылында бұл көмекпен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Оған жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Тағы бір маңызды талап — мектеп формасында балаға жарақат келтіруі мүмкін қауіпті фурнитура мен аксессуарлар болмауы керек.

Ал ата-аналар өз кезегінде мектеп жарғысында бекітілген тәртіп пен міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға тиіс.

Бөлісу: Telegram WhatsApp