Мазмұнға өту
qandastar.

Діни білім беріп, 8 адамды тіркеусіз ұстаған қор сотқа тартылды

Малика Хамит
Діни білім беріп, 8 адамды тіркеусіз ұстаған қор сотқа тартылды

Жетісу облысының Талдықорған қаласында қоғамдық қорлардың бірінің қызметінен заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Прокуратура мәліметінше, ұйым тиісті лицензиясыз діни білім берумен айналысқан. Сонымен қатар оның ғимаратында сегіз адамның тіркеусіз тұрғаны белгілі болды.

Талдықорған қаласының прокуратурасы діни қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады.

Атап айтқанда, қоғамдық қорлардың бірі қажетті лицензия алмай, діни білім беру қызметін жүргізген. Бұдан бөлек, қордың үй-жайларында тұрған сегіз азаматтың тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеуі болмаған.

Осыған байланысты азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал заңсыз діни білім беру қызметінің жолын кесу мақсатында прокуратура қоғамдық қорды тиісті лицензиядан айыру туралы сотқа талап арыз түсірді.

Сот прокурордың талабын толық қанағаттандырды. Қор өкілі де қойылған талаптарды мойындаған. Дегенмен сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Облыстық прокуратура діни қызмет саласындағы заңдылықты сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын хабарлады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp