Астанада тұрғын үй кешендерінің бірінде домофон мен бейнебақылау жүйесіне зақым келтірген 46 жастағы ер адам сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Полиция мәліметінше, тұрғын үй кешендерінің бірінде белгісіз адам ортақ мүлікке қасақана зиян келтірген. Салдарынан домофон жүйесі мен бейнебақылау камералары істен шыққан.
Жедел тексеру нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол 46 жастағы Ерлан Байжарасов болып шықты. Ер адам МИК кеңсесінің кіреберісіне қарама-қарсы орнатылған камераны әдейі бүлдірген.
Аталған әрекеті үшін оған әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері елордада бөтеннің мүлкін бүлдіру және өзге де бұзақылық әрекеттері үшін 225 адам жауапқа тартылған.
Құқық қорғау органдары ортақ мүлікке зиян келтіру заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті.