Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумында Қазақстан депутаттары экономикалық интеграция, өңірлік қауіпсіздік және экологиялық тұрақтылық мәселелерін көтерді. Олар сауда байланыстарын кеңейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныстар айтты. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Бейбітшілік, өңірлік қауіпсіздік және парламенттік дипломатияға арналған сессияда депутат Жарқынбек Амантай ядролық қарусыздану, биологиялық қауіпсіздік, есірткі қылмысына қарсы күрес және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағыттарындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Ал депутат Сұңғат Есімханов Орталық Азия елдері арасындағы өзара сауданы арттыру, көлік-логистикалық бағыттарды дамыту және өнеркәсіптік кооперацияны нығайту жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Су, климат және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған сессияда Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мен су-энергетикалық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар ол су қауіпсіздігі саласындағы халықаралық бастамаларды ілгерілетуге, Арал мен Каспий теңіздерінің экожүйелерін сақтауға және дамытуға ерекше назар аударды.
Форум аясындағы талқылаулар Орталық Азия мемлекеттері арасындағы парламентаралық диалогты дамытуға және өңірлік мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталды.