6 тамыз күні қазақстандықтар eGov.kz электронды үкімет порталында ақаулар байқалғанын хабарлады. Кейбір пайдаланушылар жүйеге кіріп, авторизациядан өте алмаған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Порталға кіруге әрекет жасаған кезде қолданушылардың экранында «Серверде қате орын алды. Қайталап көріңіз» деген хабарлама шыққан.
Аталған жағдайға қатысты түсініктеме берген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) өкілдері eGov.kz платформасында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Компания мәліметінше, жаңартылған жүйені баптау және оңтайландыру жұмыстары аяқталу кезеңінде болғандықтан, кейбір сервистерде уақытша қиындықтар туындауы мүмкін.
Кейін ҰАТ жоспарлы жаңарту және жүйенің жекелеген компоненттерін тестілеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта eGov.kz порталы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандықтар мысықтарына арналған әзіл форматындағы «жеке куәлік» жасаған флешмоб бастаған болатын. ҰАТ өкілдері үй жануарларына қатысты ресми құжат мәселесіне де түсініктеме берген еді.