Мазмұнға өту
qandastar.

Екі пәтер бүлініп, көлік зақымданды: Алматыдағы жарылыстың мән-жайы анықталып жатыр

Малика Хамит
Екі пәтер бүлініп, көлік зақымданды: Алматыдағы жарылыстың мән-жайы анықталып жатыр

Алматының Медеу ауданындағы элиталы тұрғын үй кешенінде орналасқан үш қабатты таунхауста жарылыс болып, екі пәтер бүлінді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Оқиға салдарынан 9 және 11 жастағы екі бала жеңіл жарақат алды. Сондай-ақ жақын маңдағы көліктердің бірі зақымданған.

Оқиға 22 қазан күні таңертең болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылысқа табиғи газдың шығуы себеп болуы мүмкін.

Sputnik Қазақстанның хабарлауынша, төтенше жағдай Қаппаров көшесіндегі үш қабатты таунхауста тіркелген. Жарылыс салдарынан бірінші қабаттағы №19 және №20 пәтерлердің қабырғалары қираған. Зақымданған аумақ шамамен 75 шаршы метрді құрады.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, оқиға кезінде екі кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алған. Олар медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Балаларды ауруханаға жатқызу қажет болмаған.

Жарылыс салдарынан тұрғын үйлерге зақым келіп, бір автокөлік те бүлінген. Қазіргі уақытта оқиға орнында жауапты қызметтер жұмыс істеп жатыр. Мамандар жарылыстың нақты себебін, сондай-ақ оның қалай болғанын анықтауда.

Айта кетейік, газдың шығуы жарылыс қаупін тудыруы мүмкін. Сондықтан үй-жайдан газдың иісі сезілсе, электр құрылғыларын қоспай, ашық отты пайдаланбай, қауіпсіз жерге шығып, тиісті қызметтерге хабарлау қажет.

Бөлісу: Telegram WhatsApp