Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ауыр жарақат алып, екі жылдан астам уақыт бойы ем қабылдаған Ербаян Мұхтар қайтыс болды.
Бұл ақпаратты заңгер Инга Иманбай растады, деп хабарлайды
порталы.
Мәліметінше, Астанадағы Ұлттық шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы кешкі уақытта сарбаздың ата-анасына оның жүрегі тоқтағанын хабарлаған. Ербаян Мұхтар 27 маусым күні 24 жасқа толуы тиіс еді.
Жақындарының айтуынша, қайғылы жағдай алдында оның жүрегі бірнеше рет сыр беріп, кейін кешкі уақытта толық тоқтап қалған.
Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген кезінде, 2023 жылдың желтоқсанында ауыр бас-ми жарақатын алған болатын. Оқиғадан кейін ол ұзақ уақыт комада жатып, бірнеше күрделі отадан өтті.
Әскери бөлім өкілдері сарбаздың дәретханада құлап жарақат алғанын мәлімдеген. Алайда дәрігерлер оған бас миының ауыр жарақаты, субдуралды гематома, бас сүйегінің сынуы секілді ауыр диагноздар қойған.
Оқиға қоғамда кең талқыланып, сарбаздың жағдайына бейжай қарамаған қазақстандықтар оның еміне 224 миллион теңгеден астам қаржы жинады. Кейін мемлекеттік органдардың қолдауымен оның шетелде ем алуына және Ыстанбұлға жеткізілуіне көмек көрсетілген болатын.
Соңғы айларда Ербаян Мұхтардың денсаулық жағдайы күрт нашарлағаны туралы ақпарат тараған еді. Бүгін оның қайтыс болғаны белгілі болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram Публикация от Инга Иманбай | Заңгер (@inga_imanbay)