20 мамыр күні Екібастұз қаласында орналасқан “Өнер” мәдениет орталығының жанында 5 жастағы бала ашық қалған құдыққа құлап кеткен оқиға тіркелді. Құдықтың айналасы қоршалмаған, ескерту белгілері де қойылмаған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлады.
Бала 2019 жылы туған, ол абайсызда тереңдігі екі метрден асатын ашық құдыққа түсіп кеткен. Қауіпті нысан мәдениет орталығына өте жақын жерде орналасқаны айтылуда. Оқиға салдарынан бала жарақат алып, қазіргі уақытта медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.
Жазатайым сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Видеода баланың құдыққа құлап, кейін өз күшімен сыртқа шыққаны көрінеді.
Аталған жағдайға байланысты Екібастұз қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің “құрылыс, магистральдық құбырларды пайдалану немесе жөндеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу” бабы бойынша іс қозғағанын хабарлады. Қазір тергеу жүріп жатыр, оқиғаға жауапты тұлғалар анықталуда.