2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Эквадор құрамасы Германияны 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Е тобының үшінші турындағы кездесу АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өтті.
Ойынның алғашқы минуттарында Германия құрамасы алға шықты.
Матчтың 2-минутында Лерой Сане Флориан Вирцтің нәтижелі пасынан кейін есеп ашты.
Алайда эквадорлықтар жылдам жауап қайтарды. 9-минутта Нильсон Ангуло Педро Витенің пасын голға айналдырып, таразы басын теңестірді.
Кездесудің шешуші сәті екінші таймда тіркелді. Бұрыштама добынан кейін ұйымдастырылған шабуылда Гонсало Плата Кевин Родригестің пасын сәтті пайдаланып, 77-минутта жеңіс голын соқты.
Осы жеңістің арқасында Эквадор төрт ұпай жинап, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін қамтамасыз етті. Ал Германия алты ұпаймен топтағы көшбасшылар қатарында қалды. Бір ғана ұпай еншілеген Кюрасао құрамасы турнирмен қоштасты.
Айта кетейік, бұл матчқа америкалық төреші Тори Пенсо жетекшілік етті. Ол ерлер арасындағы әлем чемпионатында бірнеше ойынға төрелік еткен тарихтағы алғашқы әйел арбитр ретінде тағы бір маңызды белесті бағындырды.