Мазмұнға өту
qandastar.

Елде саяси жүйе жаңарды: Құрылтай мен Халық Кеңесінің мәртебесі заңмен бекітілді

Малика Хамит · · 133 қаралым
Елде саяси жүйе жаңарды: Құрылтай мен Халық Кеңесінің мәртебесі заңмен бекітілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституция нормаларын іске асыру мақсатында бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қабылданған құжаттар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және жаңа конституциялық институттардың жұмысын реттеуге бағытталған.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақстанда Вице-Президент институтының енгізілуі. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңға сәйкес, Вице-Президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оның мүдделерін білдіріп, белгіленген міндеттерді орындайды.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң қабылданды. Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде айқындалды. Оның құрамына партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Құрылтайға Премьер-Министрді, Вице-Президентті, Конституциялық Сот судьяларын тағайындауға келісім беру, республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерді бекіту және басқа да маңызды мемлекеттік шешімдерге қатысу құзыреті берілген.

Президент қол қойған тағы бір құжат – «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң. Халық Кеңесі азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты дамытуға арналған жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болды. Кеңес заңнамалық бастама көтеруге және республикалық референдум өткізуді ұсынуға құқылы.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заңдар қабылданды. Бұл құжаттар елорданың басқару тетіктерін, инфрақұрылымын дамыту мәселелерін және әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру мен олардың шекараларын айқындау тәртібін реттейді.

Жаңа заңдар Конституцияда көзделген мемлекеттік басқару моделін толыққанды іске асыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp