Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерін және халықаралық аренадағы беделінің артуын жоғары бағалады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Тәжікстан басшысы Қазақстан Президентіне қонақжайлық танытып, құрмет көрсеткені және жоғары мемлекеттік награда – «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттағаны үшін алғыс білдірді.
Эмомали Рахмон бұл марапатты тек өзіне емес, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан Тәжікстан халқына көрсетілген құрмет деп санайтынын атап өтті.
Сонымен қатар ол Қазақстанның кейінгі жылдардағы реформаларына оң баға беріп, елдің өркендеу жолындағы үйлесімді дамуына тілектестік білдірді.
Тәжікстан Президентінің айтуынша, екі ел басшыларының келіссөздері өзара сенім мен түсіністік жағдайында өтіп, нәтижесінде қабылданған бірлескен мәлімдеме алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.