Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін арттыру туралы нақты шешім қабылданған жоқ, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, аталған көрсеткіш әзірге міндетті түрде енгізілетін сома емес, ел ұмтылуы тиіс мақсатты деңгей ретінде қарастырылып отыр.
Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін әзірлеп, оны барлық мүдделі мемлекеттік органдарға жолдаған. Жаңа тәсіл бойынша есептеулер жүргізгенде орташа жалақы көлемі мен еңбек өнімділігі негізгі көрсеткіш ретінде ескеріледі.
Біз бұл тәсілді ең төменгі жалақы экономиканың нақты мүмкіндіктеріне сәйкес өсуі үшін таңдадық
Ведомствоның мәліметінше, қазір мемлекеттік органдар ең төменгі жалақыны арттырудың әлеуметтік төлемдерге, түрлі аударымдарға және бюджет шығыстарына ықпалын есептеп жатыр.
Министр мемлекеттік сектор үшін ең төменгі жалақының өсуі республикалық және жергілікті бюджет шығындарының артуына әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар жаңа талаптарды жеке сектордағы жұмыс берушілер де орындауы қажет болады.
Шешім қабылданса, барлығы дайын болуы керек. Сондықтан бұл мәселені "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, кәсіподақтармен және жұмыс берушілермен талқылау қажет
Асқарбек Ертаев қазіргі 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақыны қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселенің өзектілігін Үкіметтің экономикалық блогы да түсінеді. Алайда нақты шешім қабылданар алдында мемлекеттік бюджет пен бизнестің қаржылық мүмкіндіктері жан-жақты бағалануы тиіс.
Министр ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру нұсқасы да қарастырылып жатқанын айтты.
150 000 теңге – бұл алдын ала белгіленген шешім емес, ұмтылатын мақсат. Бұл көрсеткіш орташа жалақының шамамен 50 пайызына тең эталонға негізделген
Осылайша, ең төменгі жалақының нақты қанша көлемге және қай мерзімде өсетіні әзірге белгісіз. Түпкілікті шешім барлық есептеулер аяқталып, мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және қызметкерлер өкілдерімен талқылаулар жүргізілгеннен кейін қабылданады.