Қазақстанда бензин мен жанармай бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баға енді нарықтық қағидаттар бойынша қалыптасатынын айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Министрдің сөзінше, мемлекеттік реттеу алынып тасталғаннан кейін жанармай құны ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеретін болады.
«Соңғы уақытта жанармай бағасы литріне шамамен 3–4 теңгеге өсті. Бензин бірден 10 теңгеге қымбаттады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі жағдайда баға нарық талаптарына сай қалыптасады», – деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ журналистердің жаз мезгілінде бензин бағасы тағы көтерілуі мүмкін бе деген сұрағына министр мемлекет енді бағаға тікелей араласпайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, нарық қатысушылары бағаның өзгеруін экономикалық тұрғыдан негізді деп есептесе, жанармай құнына түзетулер енгізілуі мүмкін.
Бұдан бөлек, министр бензин бағасы күрт өсіп, бірден 100 теңгеге қымбаттайды деген болжаммен келіспейтінін айтты.
«Қазіргі таңда әлемдік мұнай бағасында айтарлықтай өсім байқалып отырған жоқ. Сондықтан тұрғындарды алаңдамауға шақырамын. Энергетика министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр», – деді ведомство басшысы.
Еске салайық, бұған дейін үкімет инфляцияны тежеу мақсатында АИ-92 бензині мен дизель отыны бағасын көтеруге уақытша мораторий енгізген болатын. Сонымен қатар, қазақстандықтардың жанармай бағасына қатысты шағымдарын қабылдау үшін арнайы жедел желі іске қосылған.