Мазмұнға өту
qandastar.

Ердоған, Макрон және әлем көшбасшылары Тоқаевты Республика күнімен құттықтады

Бақытжан Мұса
Фото: Zakon.kz
Фото: Zakon.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай Түркия, Әзербайжан, Франция және басқа да мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсті. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың маңызын атап өтіп, екіжақты стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Ол Астанада өткен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы мен Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін өзара байланыстың беріктігін көрсететін маңызды оқиғалар ретінде атады.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бауырлас Қазақстанның жетістіктеріне қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі кездесулер мен тұрақты диалог екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстан халқына ізгі тілегін жолдап, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығына назар аударды. Ол Қазақстан мен Францияның екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

Ұлыбритания Королі ІІІ Чарльз да Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына жылы лебізін білдірді. Ол екі ел арасындағы достық байланыстарды жоғары бағалап, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Корея Президенті Ли Чжэ Мёң Қазақстанның ұлттық бірлігі мен қоғамдық тұрақтылығына тоқталып, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтті. Ол биыл қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысына да назар аударды.

Сонымен қатар құттықтау жеделхаттарын Германия, Италия, Аустрия, Швейцария, Беларусь, Армения, Жапония, Индонезия, Пәкістан, Иран және басқа да мемлекеттердің басшылары жолдады. Сондай-ақ Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Швеция, Бельгия және өзге елдердің корольдері мен ресми тұлғалары құттықтау білдірді.

Бұдан бөлек, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Еуропалық Кеңес Төрағасы Антониу Кошта, ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Анани және ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев те Республика күніне орай ізгі тілектерін жолдаған.

Ақорда мәліметінше, шетелдік көшбасшылар мен халықаралық ұйым өкілдерінің құттықтаулары әлі де келіп түсіп жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp