Қарағанды қаласындағы "Қазақтелеком" компаниясының жабдықтар инженері республикалық байқауда үздік атанды. Өндірістік қауіпсіздік бағытындағы ерекше ұстанымы үшін марапатталған маман еңбек қауіпсіздігі әр адамның саналы таңдауы болуы керектігін дәлелдеді. Компанияның өндірістік қауіпсіздік дирекциясы мен Jas Telecom жастары ұйымдастырған "Мен және қауіпсіздік" сайысында топ жарған инженердің еңбек жолы көпшілікке үлгі боларлық.
Азамат Ахметов бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Осыдан бес жыл бұрын қолжетімділік желісін пайдалану департаментінің техникалық қолдау көрсету орталығына маман саналы түрде жұмысқа орналасты. Заманауи технологиялардың қыр-сырын меңгеру, ақаулардың себебін табу және желінің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жас маманды әрдайым қызықтырған. Бүгінгі таңда оның күнделікті міндетіне құрылғылардың күйін бақылау, түйткілдерді талдап жою, техникалық тапсырмаларды орындау және желілік ресурстардың тұрақтылығын сақтау кіреді. Үздіксіз дамып келе жатқан телекоммуникация саласы қызметкерге үнемі кәсіби тұрғыдан өсуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Маманның әрбір жұмыс күні міндетті түрде қауіпсіздік минутынан басталады. Бұл уақытта әріптестер бас қосып, ықтимал тәуекелдерді талқылайды және олардың алдын алу жолдарын қарастырады. Одан кейін аппараттық мониторинг жүргізіліп, апаттық әрі техникалық өтінімдер өңделеді. Қажет болған жағдайда жұмыс тікелей нысандарда жалғасады. Телекоммуникациялық құрылғыларды баптау мен апаттық жағдайларды реттеу ерекше мұқияттылықты талап етеді. Кез келген қателік мыңдаған абоненттің байланыс сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жағдайды терең талдап, бекітілген талаптарды қатаң ұстану басты қағидаға айналған.
Өндірістік қауіпсіздік бұл салада маңызды орын алады. Қызметкерлер күн сайын күрделі электр қондырғыларымен және жоғары тәуекел факторларымен бетпе-бет келеді. Биыл өткен байқауда инженер еңбек қауіпсіздігі әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігінен басталатынын басты идея ретінде ұсынды. Ең тиімді деген ережелердің өзі адам оларды саналы түрде орындағанда ғана нақты нәтиже береді.
Бұл ұстанымның шынайы өмірде де маңызы зор. Күрделі өндірістік тапсырмалардың бірін орындау барысында қауіпті жағдай тудыруы мүмкін мән-жайлар байқалды. Жұмысты аяқтау мерзімі тым қатаң болғанына қарамастан, процесті уақытша тоқтатып, тәуекелдерді қайта бағалау туралы шешім қабылданды. Барлық кемшіліктер толық жөнделіп, нәтижесінде міндет ешқандай оқиғасыз, қауіпсіз түрде аяқталды. Бұл жағдай жұмысты дер кезінде тоқтатып, еңбек жағдайларын қайта тексеру ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік беретінін дәлелдеді. Тәуекелдерді уақытылы бағалап, дұрыс шешім қабылдау әрдайым басты орында тұруы тиіс.
Жас мамандарға инженер білім алудан ешқашан қорықпауға кеңес береді. Еркін сұрақ қойып, тәлімгерлердің ақыны мұқият тыңдау өте маңызды. Өмірлік тәжірибе уақыт өте келе жиналады, ал қауіпсіздік алғашқы жұмыс күнінен бастап бірінші орында тұруы қажет. Дәл осындай дұрыс көзқарас ұжымда мықты еңбек мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.