Қазақстанда пойыздарға тас пен басқа заттарды лақтыру фактілері жиілеген.
Жыл басынан бері мұндай әрекеттер салдарынан пойыздардың 44 терезесі сынған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті ескертті.
Полицияның мәліметінше, оқиғалардың көбі Алматы, Шымкент, Қарағанды және Шу станциялары маңында тіркелген. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігінде кәмелетке толмағандардың қатысы анықталған.
Жақында Талас–Тараз бағытындағы теміржол учаскесінде белгісіз адам электровозға тас лақтырып, оның бүйір әйнегін сындырған. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдікті анықталды. Ол Тараз қаласының 19 жастағы тұрғыны болып шықты.
Жас жігіт бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жауапкершілікке тартылды.
Көлік полицейлері пойыз қозғалысы кезінде оған тас немесе кез келген басқа зат лақтыру аса қауіпті екенін ескертеді. Мұндай әрекет машинист пен жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Полиция әсіресе ата-аналарды балалардың теміржол маңындағы қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды. Мамандардың айтуынша, сырттай «ойын» болып көрінген әрекет санаулы секундта үлкен қауіпке айналуы мүмкін.