Қазақстан шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтпек, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Құрылтай депутаттары қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялау жөніндегі заңды қабылдады.
Құжат Қазақстанның шетелдік құзырлы органдармен ақпарат және дәлелдемелер алмасуына мүмкіндік береді. Бұл әсіресе трансұлттық қылмысқа қатысты тергеулер кезінде маңызды.
Жаңа тетік арқылы қазақстандық құқық қорғау органдары шетелде жүргізіліп жатқан тергеулерге қажетті дәлелдемелерді алуға, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді қайтару мәселесін шешуге мүмкіндік алады.
Конвенцияға қатысушы мемлекеттер белгіленген талаптарды сақтай отырып, бір-біріне қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі.
Айта кетейік, аталған Еуропа конвенциясы 1959 жылы 20 сәуірде Страсбургте қабылданған.