Қазақстанның бірнеше өңірінде күшті әсер ететін дәрілерді заңсыз сатумен айналысқан екі қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Арнайы операциялар барысында 21 адам ұсталып, 50 мыңнан астам құты дәрі тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қазан айында полиция қызметкерлері Ақмола және Қарағанды облыстарында заңсыз дәрі айналымына қатысы бар адамдарды анықтаған.
Алғашқы операция Көкшетау, Щучинск қалалары мен «Бурабай» курорттық аймағында жүргізілді. Бұл аумақта дәрілік препараттарды жеткізу және таратумен айналысқан қылмыстық топтың 11 мүшесі ұсталды.
Күдіктілердің арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және басқа да адамдар бар.
Тінту кезінде тәртіп сақшылары «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам құтысын және соған ұқсас басқа да дәрілердің шамамен 4 мың бірлігін тапты. Бұдан бөлек, атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша, оның ішінде шетел валютасы тәркіленді.
Осыған ұқсас арнайы операция Қарағанды мен Теміртауда да өткен. Нәтижесінде жергілікті қылмыстық орта өкілдері бар 10 адамнан тұратын топ ұсталды.
Тергеу мәліметінше, олар Қарағанды облысында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды заңсыз сатумен айналысқан. Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару табылды.
Қазір екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, жүргізілген операциялардың нәтижесінде қауіпті препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасы жойылған.
Министрлік мұндай қылмыстар адамдардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Заңсыз айналымды ұйымдастырушыларды анықтау және жауапқа тарту жұмыстары жалғасады.