Францияда тұрмыс құнының өсуі мен мемлекеттік қызметтердің әлсіреуіне қарсы өткен наразылықтар жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қақтығыстар кезінде мыңдаған нысан бүлініп, 4 900-ден астам адам ұсталды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Наразылықтар қыркүйек айында мемлекеттік мектептердегі жағдайға байланысты басталған. Кейін халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі, жанармай бағасының өсуі және әлеуметтік мәселелерге байланысты бүкіл елге таралған.
17 қазандағы жалпыұлттық шерулер кезінде Париж, Марсель және Лион қалаларында жағдай ушыққан. Демонстранттардың бір бөлігі дүкендерді тонап, көліктерді өртеп, көшелерде баррикадалар орнатқан. Кейбір қалаларда әкімдік ғимараттары мен қоғамдық нысандар да өртенген.
Франция билігінің мәліметінше, 17 қазанда ел бойынша жарты миллионнан астам адам көшеге шыққан. Оның ішінде Парижде шамамен 110 мың адам болған. Бір тәуліктің ішінде ел аумағында 3 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан тоналған.
Алайда наразылыққа қатысқандардың барлығы бірдей тәртіпсіздікке қатыспаған. Бейбіт шеруге студенттер, ата-аналар, мұғалімдер, кәсіподақ өкілдері мен түрлі қоғамдық ұйымдардың мүшелері де қосылған. Наразылық білдірушілердің негізгі талаптары – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.
Франция үкіметі тәртіпсіздіктерге солшыл радикалдар мен тонаушыларды кінәлады. Ішкі істер министрі Лоран Нуньес кейбір топтардың бейбіт шерулерді пайдаланып, полиция мен мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасағанын мәлімдеді. Дегенмен Reuters сұхбаттасқан бірнеше полиция қызметкері мен барлау өкілі радикалды топтардың оқиғалардағы басты рөлін нақты растай алмайтынын айтқан.
Сонымен қатар полицияның әрекеті де қоғамда сынға ұшырады. Наразылық кезінде күш қолдану, көзден жас ағызатын газ бен арнайы құралдарды пайдалану салдарынан бірқатар азамат ауыр жарақат алған. Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қыркүйектен бері полиция қызметкерлерінің демонстранттарға қатысты күш қолдануына байланысты 161 тергеу басталған.
Ұсталғандар мен сотталғандар саны артты
Францияның әділет министрі Жеральд Дарманеннің 3 қарашадағы мәліметінше, 17 қазаннан бері 4 900-ден астам күдікті ұсталған. Олардың шамамен 2 290-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 404 адам бас бостандығынан айырылған. Ұсталғандардың басым бөлігі – 18 бен 25 жас аралығындағы жастар.
Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін билік шерулерге қойылатын шектеулерді күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша полиция күштерін жұмылдырды. Кейбір қалаларда коменданттық сағат енгізіліп, бірқатар шеруге тыйым салынды.
Ал Франция президенті Эммануэль Макрон халықтың наразылығын тыңдауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға уәде берді. Үкімет білім беру саласын жақсарту мен ең төменгі жалақыны көтеру жөнінде ұсыныстар жасағанымен, студенттер мен кәсіподақтар бұл шараларды жеткіліксіз деп санайды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, елдегі әлеуметтік шиеленіс алдағы президент сайлауы қарсаңында саяси жағдайға да әсер етуі мүмкін.