Вирджиния университетінің ғалымдары ми бағанындағы бірнеше жүздеген нейронның зақымдануы артериялық қысымның тұрақсыздығына әкеліп, инсульт пен инфаркт қаупін арттыратынын анықтады. Бұл ретте қан қысымының орташа көрсеткіштері қалыпты деңгейде болуы мүмкін. Бұл туралы ScienceDaily басылымына сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.
Зерттеушілер күнделікті белсенділік өзгерген кезде, яғни ұйқыдан оянғанда, дене жаттығуларын жасағанда немесе орнынан кенет тұрған кезде қан қысымын тұрақтандыруға жауап беретін ми бағанындағы адренергиялық нейрондарды анықтаған.
Доктор Стивен Эбботт бастаған ғалымдар осы жасушалардың бірнеше жүзінің зақымдануы немесе қызметінің бұзылуы қан тамырлары тонусының тұрақсыздығына әкелетінін анықтады. Мұндай өзгерістер әдеттегі тонометр өлшемдерінен байқалмауы мүмкін. Алайда қан қысымының қысқа мерзімді күрт ауытқуы қан тамырларына қосымша күш түсіріп, инсульт, инфаркт және мидың зақымдану қаупін арттырады.
Бұған дейін аталған нейрондардың зақымдануы жүйке жүйесінің қызметін бұзатын көпжүйелі атрофия ауруымен ауыратын науқастардан анықталған. Жаңа зерттеу бұл жасушалардың қызметіндегі өзгерістер басқа адамдарда да жасырын жүрек-қан тамырлары қауіптерінің себебі болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеу авторлары артериялық қысымды бақылау кезінде оның орташа көрсеткіштерімен қатар, тәулік бойындағы ауытқуларын да ескеру қажеттігін атап өтті. Ғалымдардың пікірінше, болашақта бұл жаңалық қан қысымын реттейтін жүйке механизмдеріне бағытталған жаңа емдеу әдістерін әзірлеуге жол ашуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелері Circulation Research ғылыми журналында жарияланған.