Мазмұнға өту
qandastar.

Ғалымдар жасанды жұмыртқадан алып моа құсының балапандарын шығарды

Бақытжан Мұса · · 86 қаралым
Ғалымдар жасанды жұмыртқадан алып моа құсының балапандарын шығарды

Ғалымдар жойылып кеткен алып моа құсын қайта тірілтуге бағытталған тәжірибе аясында жасанды жұмыртқалардан 20-дан астам сау балапан өсіріп шығарды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жобамен айналысып жатқан америкалық Colossal Biosciences компаниясы жойылып кеткен жануарларды қайта қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мамандар моа мен додо құстарын қайта тірілту үшін ежелгі ДНҚ негізінде генетикалық модификация технологияларын қолдануда.

Далластағы зертханада барлығы 26 балапан жұмыртқадан шыққан. Алайда олар моа емес, тәжірибені сынақтан өткізу мақсатында өсірілген тауық балапандары екені айтылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл тәжірибе жойылып кеткен құстарды қайта қалпына келтіру жолындағы маңызды кезең саналады.

Зерттеу барысында арнайы жасанды жұмыртқа платформасы пайдаланылған. Оның құрылымы силикон мембранасынан және қатты сыртқы қабықтан тұрады. Жүйе табиғи жұмыртқаның қызметін қайталап, эмбрионның дамуына қажетті температураны, ылғалдылықты және газ алмасуды реттеп отырған.

Мамандардың айтуынша, ерте заманда тіршілік еткен моа құстарының бойы 3,5 метрге дейін жеткен. Олардың жұмыртқаларының көлемі футбол добындай болғандықтан, қазіргі құстардың ешқайсысы мұндай алып жұмыртқаларды басып шығара алмайды.

Ғалымдар моа шамамен 500-600 жыл бұрын адамдардың шамадан тыс аулауынан жойылып кеткенін айтады. Қазіргі уақытта оған ең жақын туыс саналатын құс – Австралияда кездесетін эму. Бірақ эму жұмыртқасының көлемі моа жұмыртқасынан бірнеше есе кіші.

Зерттеушілердің түсіндіруінше, тәжірибе ұрықтанған эмбрионды жасанды платформаға көшіруден басталады. Кейін эмбрион 21 күн ішінде толық дамып, қалыпты жағдайда балапан болып шыққан.

Айта кетейік, бұл жоба ғылыми ортада түрлі пікір туғызды. Бірқатар мамандар технологияны үлкен жетістік деп бағаласа, енді бірі жойылып кеткен жануарды толық қалпына келтіру әзірге нақты дәлелденбегенін алға тартып отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp