Шымкентте газ құбыры тұтанып, техника өртенді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Газ құбырындағы өрттен жүк көлігі мен бұрғылау жабдығы зақымданды.
Оқиға Еңбекші ауданындағы Қаратөбе тас жолында болған.
Төтенше жағдай туралы ақпарат «112» қызметіне келіп түскен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жүк көлігі мен бұрғылау техникасының ашық жалынға оранғанын анықтады.
Өртті сөндіру жұмыстарына дейін газ қызметінің мамандары құбырдағы вентильді жауып, газ беруді тоқтатқан. Осыдан кейін ТЖМ қызметкерлері газ құбырын салқындатып, жалынды толық сөндірді.
Құтқарушылар өрттің маңайдағы тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді.
ТЖМ өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде «112» нөміріне дереу хабарласу қажеттігін еске салды.