Қазақстанда ғылым саласына бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген мемлекеттік аудит бірқатар олқылықты анықтады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Тексеру қорытындысы 11 қарашада Құрылтайдың жалпы отырысында қаралды.
Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, 2022–2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда қомақты қаржы бөлінгенімен, ғылыми зерттеулердің нақты экономикалық нәтижесі әлі де төмен.
Атап айтқанда, ғылымның Қазақстан экономикасындағы үлесі ЖІӨ-нің небәрі 0,16%-ын құрайды. Ал белгіленген мақсат – 1%. Бұған қоса, 2023–2025 жылдары жалпы құны 67 млрд теңге болатын 149 ғылыми тапсырма орындалмаған.
Аудит барысында тағы бірқатар мәселе анықталды. Кейбір ғылыми жобалар бойынша қаражаттың 96–98%-ы түпкілікті нәтиже бағаланбай тұрып төленген. Ал зерттеу нәтижесінде алынған патенттердің бір бөлігі іс жүзінде пайдаланылмаған.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылыми жобалардың тиімділігі есеп пен жарияланым санымен емес, нақты өндіріске енгізілген нәтижесімен бағалануы керектігін атап өтті.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша осындай көлемде қаржылық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған немесе пайдаланылған.
36 факті бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жіберілді. Тағы үш факті құқық қорғау органдарына жолданады.
Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар беріліп, ғылыми жобаларды қаржыландыру мен олардың нәтижесін бақылау жүйесін цифрландыру қажеттігі айтылды.