Мазмұнға өту
qandastar.

Халық кеңесі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөледі

Малика Хамит · · 14 қаралым
Халық кеңесі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөледі

Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі Каспий жағалауындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қайырымдылық бастамасына Қазақстанның түрлі өңірлерінен шыққан бизнес өкілдері қосылған. Кеңес хатшылығының мәліметінше, жиналған қаражат тікелей қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына беріледі.

Көмек көрсететін кәсіпкерлер арасында:

Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев – әр отбасыға 25 млн теңге;

Integra Construction KZ бас директоры Шахмурат Муталип – әр отбасыға 25 млн теңге;

SA Construction Group бас директоры Гаджи Гаджиев – 100 млн теңге;

Karazhal Operating негізін қалаушы Жұмабек Жанықұлов – 50 млн теңге;

Бақыт Атайбеков, Дмитрий Лактюшин және Имамзада Шағыртаев – 10 млн теңгеден;

Геннадий Зенченко, Акбаржон Исмаилов, Александр Куприенко, Сырым Ертаев және Лугмар Буларов – 5 млн теңгеден;

Николай Арсютин, Рафаил Гаджибалаев, Манас Ташыбеков, Латипша Асанов және Абдулла Исматуллаев – 1 млн теңгеден.

Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтқан болатын.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылғанын және зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілер теңізге түсіп кеткен. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp