Қазақстанда емханадағы дәрігерге қаралу үшін ұзақ уақыт кезек күтетін азаматтардың мәселесі Құрылтайда көтерілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Депутат Арман Жансеңгіров медициналық қызметтің қолжетімділігіне қатысты бірқатар түйткілге назар аударды.
Депутаттың айтуынша, медициналық сақтандыру қорының ережелерінде пациентті 10-15 күн ішінде қарау қажеттігі көрсетілгенімен, Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығында азаматтың дәрігер қабылдауын қанша уақыттан артық күтпеуі керектігі нақты белгіленбеген.
Осының салдарынан кейбір науқастар маманға қаралу үшін бірнеше апта күтуге мәжбүр.
Тағы бір мәселе – науқасқа берілетін жолдамалардың санына қойылған шектеу. Депутат «үштен аспайтын» жолдама талабы бірден бірнеше ауруы бар азаматтарға қиындық туғызатынын айтты.
Қарттар мен ауыл тұрғындары үшін де қиындық бар. Диспансерлік есепте тұрған азаматтардың дәрігерге тікелей жазылуы мобильді қосымшалармен шектелген. Ал цифрлық сервистерді пайдалану егде жастағы адамдарға немесе интернет мүмкіндігі шектеулі ауыл тұрғындарына әрдайым ыңғайлы емес.
Жансеңгіров медициналық көмекті қолжетімді ету үшін бірнеше ұсыныс айтты.
Оның ішінде:
емханаларда дәрігерді күтудің бірыңғай шекті мерзімін заңнамалық деңгейде нақты белгілеу;
балалар мен онкологиялық ауруға күдігі бар науқастарды басым тәртіппен жедел қабылдауды қамтамасыз ету;
жолдама санына шектеу қоймай, оны пациенттің нақты диагнозы мен медициналық қажеттілігіне қарай беру;
дәрігерге мобильді қосымшадан бөлек, тіркеу бөлімі мен колл-орталық арқылы жазылу мүмкіндігін қайта қарау;
емханалардағы маман тапшылығын азайтып, дәрігерлердің жұмыс жүктемесін оңтайландыру.
Депутаттың пікірінше, бұл шаралар емханадағы кезекті азайтып қана қоймай, медициналық көмекті азаматтардың нақты қажеттілігіне қарай ұйымдастыруға мүмкіндік береді.