Мазмұнға өту
qandastar.

ХҚКО-ларда кезек азаяды: орталықтар AI форматқа көшеді

Малика Хамит · · 320 қаралым
ХҚКО-ларда кезек азаяды: орталықтар AI форматқа көшеді

Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс форматы өзгереді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Енді азаматтар көптеген қызметті маманға жүгінбей, жасанды интеллект көмегімен өз бетінше ала алады.

Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, соңғы жылдары ХҚКО-ға келушілер саны 30%-ға азайған. Бұған бірқатар қызметтің онлайн форматқа көшуі себеп болған.

Мысалы, электронды цифрлық қолтаңба алу, көлікті алғаш рет тіркеу, жер учаскесіне қатысты құжаттарды рәсімдеу және жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт алу сияқты қызметтерді енді интернет арқылы алуға болады.

Осыған байланысты ХҚКО-лар да жаңа форматқа көшіріледі. Кеңселердің негізгі бөлігі экспресс-аймаққа беріледі. Мұнда азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы қажетті құжаттарын рәсімдей алады.

Терминалдарда eGov GPT цифрлық көмекшісі жұмыс істейді.

Ал қызметті өз бетімен рәсімдеуде қиындық туындаса, арнайы консультанттар көмектеседі. Сонымен қатар ХҚКО-ларда сараптамалық және оқыту аймақтары қарастырылған.

Жаңа форматтағы алғашқы офис Жезқазғанда ашылған. Кейін мұндай цифрлық орталықтар Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында іске қосылды.

Ведомство мәліметінше, бірнеше ай ішінде жаңа форматтағы төрт офиске 4 мыңнан астам адам жүгінген.

Бөлісу: Telegram WhatsApp