Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен мұнай нысандарына шабуыл жасауды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы олар Saudi Aramco компаниясының Дахран қаласындағы нысанына жасалған шабуылдан кейін хабарлады. Qandastar.kz сайты Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Хуситтер аталған нысандарды заңды нысана деп атап, шабуылдарын Сауд Арабиясының Йеменге жасаған соққыларына жауап ретінде түсіндірді. Олардың мәлімдеуінше, Saudi Aramco нысандарына, Эр-Рияд әуежайына және мұнай өңдеу зауытына баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары бағытталған.
Reuters агенттігінің дереккөздері Дахран қаласындағы Saudi Aramco базасында өрт шығып, жалын ғимараттың бірнеше қабатына таралғанын хабарлады. Ал Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі өрттің шектеулі болғанын мәлімдеді. Компания жұмысының әдеттегі режимде жалғасқаны да айтылды.
Сәрсенбі күні Сауд Арабиясы бастаған коалиция хуситтер Эр-Рияд бағытына ұшырған баллистикалық зымыранды ұстап алғанын хабарлады. Сол күні Сауд Арабиясының астанасында бірнеше қатты жарылыс дыбысы естілген. Алайда олардың нақты себебі бірден анықталған жоқ.
Қақтығыстың күшеюі Йемендегі гуманитарлық жағдайға да әсер етуде. Халықаралық Қызыл Крест комитетінің мәліметінше, елдегі ұрыс қимылдарының күшеюіне байланысты ауруханалар зардап шеккендер санының артуымен күресіп жатыр.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Йеменнің Таиз қаласында гуманитарлық көмектің тоқтағанын мәлімдеді. Ұйымның дерегінше, гуманитарлық көмекке тәуелді 600 мыңнан астам адамға, оның ішінде 200 мыңнан астам әйел мен балаға қол жеткізу қиындаған.