Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі криминогендік ахуал мен ішкі істер органдарының жұмысы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген. Сонымен қатар негізгі санаттар бойынша құқықбұзушылықтар азайып, қылмыстарды ашу көрсеткіші артқан.
Ержан Сәденов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Оның сөзінше, есепті кезеңде өткен жылдары жасалған 1685 қылмыс ашылып, соттан жасырынған 574 қылмыскер ұсталған. Олардың 89-ы шетел аумағында анықталған.
Кездесу барысында министр киберқылмысқа, есірткі саудасына, ұйымдасқан қылмыс пен экстремизмге қарсы күрес нәтижелері туралы да баяндады. Оның айтуынша, қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату және азаматтардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Кездесу қорытындысында Президент қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты іске асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.