Мазмұнға өту
qandastar.

Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға 18 млрд долларлық акция сыйламақ

Бақытжан Мұса
Reuters
Reuters

Әлемдегі ең бай адам Илон Маск АҚШ-тағы 18 жасқа толмаған әр балаға SpaceX компаниясының екі акциясын беретінін мәлімдеді. Жалпы қайырымдылықтың құны шамамен 18 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, дейді Qandastar.kz.

Маск X әлеуметтік желісіндегі жазбасында әр балаға бір акцияны SpaceX компаниясы, ал екіншісін өзі жеке сыйлайтынын айтты. Оның мәліметінше, компанияның акциялары келесі айда беріле бастайды. Ал өз атынан берілетін акциялар келесі жылдың маусым айында белгілі бір мерзім аяқталғаннан кейін аударылады.

SpaceX сәрсенбі күні Trump Account бағдарламасына қатысатын әрбір белсенді шотқа компанияның жаңадан шығарылған А санатындағы бір акциясын сыйлайтынын хабарлады. Илон Маск та компанияның атынан берілетін акциялар санын өз үлесінен толықтыратынын мәлімдеді.

Trump Account – АҚШ-тағы 18 жасқа толмаған балаларға қор нарығына қатысуға және ерте жастан қаржы жинауға мүмкіндік беретін бағдарлама. Ақ үйдің қазан айындағы мәліметінше, бағдарлама аясында 70 миллионға жуық шот ашылған.

Reuters агенттігінің бағалауынша, SpaceX акцияларының бір данасы 127,44 доллар болған кезде, Масктың бұл бастамасының жалпы құны шамамен 18 миллиард долларға жетеді.

Сонымен қатар жасанды интеллект саласындағы SpaceX компаниясының бәсекелесі Anthropic те ірі қайырымдылық жобасын қолға алмақ. Компания өткен айда акцияларының 5 пайызын «қоғамдық игілікке» бағытталған арнайы қорға бөлетінін жариялаған. Қазіргі бағамен бұл үлестің құны шамамен 54 миллиард долларды құрайды.

Осылайша, ірі технологиялық компаниялар жасанды интеллект пен жаңа экономиканың дамуынан түсетін табыстың бір бөлігін қоғам игілігіне бағыттауға басымдық беріп отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp