Америкалық кәсіпкер Илон Маск Украинадағы соғысты аяқтау үшін Батыс елдері Ресейге қатысты белгілі бір ымыраға баруы керек деген пікір білдірді. Бұл туралы ол Economist басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Маск бірнеше жылдан бері бейбіт келісімді қолдайтынын атап өтті. Оның пікірінше, тараптар белгілі бір келісімге келмесе, қақтығыс ұзақ уақытқа созылып, көптеген адамның өмірін қиюы мүмкін.
"Мен Ресей жағын қолдаймын деген сөз емес. Мен тек жағдайға прагматикалық тұрғыдан қараймын. Әйтпесе адамдар жылдар бойы қаза тауып, нақты нәтижеге қол жеткізбеуі мүмкін", – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ Илон Маск кейбір дипломаттардың әрекетін сынға алды. Оның айтуынша, майданнан алыс жерде келіссөз жүргізетін адамдар соғыс жағдайының шынайылығын толық түсінбеуі мүмкін.
Кәсіпкер алдағы уақытта тараптар арасында бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі бар деген үміт білдірді.