Индонезияның Ява аралында орналасқан Семеру жанартауы 4 сәуір күні бірнеше рет атқылап, күлді 600–1000 метр биіктікке дейін шашқан. Бұл туралы Qandastar.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ява аралы шығыс бөлігінде, нақтырақ айтқанда Шығыс Ява аймағындағы Лумаджанг пен Маланг аудандарының шекарасында орналасқан жанартау қайта белсенділік танытқан.
Бақылау қызметінің мәліметінше, қысқа уақыт ішінде төрт рет атқылау тіркелген. Соның барысында ұзындығы 3,5 шақырымға дейін жететін пирокластикалық ағын байқалған. Бұл ағын құрамында ыстық күл, газ және тау жыныстарының бөлшектері бар қауіпті құбылыс. Сонымен қатар кратерден мезгіл-мезгіл тау жыныстарының құлауы тіркелген.
Индонезия билігі жанартауға байланысты қауіп деңгейін 3-санатқа көтеріп, қауіпсіздік мақсатында 5 шақырым радиуста кез келген әрекетке тыйым салды.
Айта кетейік, Семеру — Бромо Тенггер Семеру ұлттық саябағы аумағында орналасқан және Ява аралындағы ең белсенді жанартаулардың бірі саналады. Сондықтан аймақта бақылау мен қауіпсіздік шаралары күшейтілген.