Мазмұнға өту
qandastar.

iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс: қазақстандықтарға жаңа алаяқтық схема ескертілді

Бақытжан Мұса · · 10 қаралым
iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс: қазақстандықтарға жаңа алаяқтық схема ескертілді

Қазақстанда жаңа смартфонды алдын ала сатып алуға ниетті азаматтарды алдауға бағытталған жаңа алаяқтық схема пайда болды. Бас прокуратура шетелдік дереккөздерге сүйене отырып, қазақстандықтарды күмәнді хабарламдар мен жалған ұсыныстардан сақ болуға шақырды. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.

Алаяқтар азаматтардың жаңа iPhone моделіне деген қызығушылығын пайдаланып, смартфонға алдын ала тапсырыс берілгені туралы жалған хабарламалар таратуда.

Алаяқтық схема қалай жүзеге асырылады?

Бірінші жағдайда азаматтарға Apple компаниясының атынан iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс рәсімделгені туралы жалған хабарлама жіберіледі. Хабарламада тапсырыстан бас тарту үшін көрсетілген «қолдау қызметінің» нөміріне қоңырау шалу ұсынылады.

Алайда бұл нөмір алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін. Олар тапсырыстан бас тартуға көмектесеміз деген сылтаумен азаматтың құпия деректерін алуға немесе белгілі бір әрекеттерді жасауға көндіруге тырысады.

Екінші жағдайда алаяқтар iPhone 18 смартфонын тиімді бағамен брондау және оны жылдам жеткізу туралы ұсыныс жібереді. Хабарламадағы сілтеме пайдаланушыны жалған сайтқа бағыттайды. Онда банк картасының деректері, құпия сөздер және басқа да маңызды ақпаратты енгізу сұралады.

Мұндай жолмен алынған мәліметтер азаматтың аккаунттарына немесе банк сервистеріне заңсыз кіру және қаражатын иемдену үшін пайдаланылуы мүмкін.

Алаяқтар азаматтарды қалай асықтырады?

Бас прокуратураның мәліметінше, бұл схемалардың негізгі ерекшелігі – адамды шұғыл әрекет жасауға итермелеу. Бір жағдайда азамат бейтаныс тапсырыс үшін алаңдаса, екінші жағдайда тиімді ұсынысты жіберіп алмауға тырысады.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

- күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз;

- пароль, PIN-код, банк картасының CVV-коды және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз;

- бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша қосымшалар орнатпаңыз және құрылғыға қашықтан кіруге рұқсат бермеңіз;

- сатушының ресми екеніне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасамаңыз;

- тапсырыс туралы ақпаратты компанияның ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өзіңіз тексеріңіз.

Егер банк картасының деректерін алаяқтарға беріп қойған болсаңыз немесе шотыңыздан күмәнді қаражат есептен шығарылғанын байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Сонымен қатар болған жағдай туралы полицияға хабарлаған жөн.

Бөлісу: Telegram WhatsApp