Мазмұнға өту
qandastar.

Иран АҚШ-пен қақтығыста жеңіске жеткенін мәлімдеді

Бақытжан Мұса · · 598 қаралым
Иран АҚШ-пен қақтығыста жеңіске жеткенін мәлімдеді

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-пен арадағы текетіресте Иранның басымдыққа ие болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі жағдай Тегеран үшін тиімді қалыптасып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты PressTV арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Министрдің сөзінше, қақтығыстағы басты жеңімпаз – Иран халқы. Ол әскери жетістіктерді саяси келісімдер арқылы бекіту қажеттігін атап өтті. Аракчидің айтуынша, Иран мен АҚШ арасындағы алғашқы келісім жобасында теңіз қатынасы, блокаданы тоқтату және Ормуз бұғазы мәселелері қарастырылған.

Сондай-ақ дипломат Ормуз бұғазын басқару тәртібі өзгеруі мүмкін екенін айтты. Оның мәліметінше, бұғазды бақылау мәселесі бойынша Иран мен Оман арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Аракчи болашақ келісімдердің елді қалпына келтіру, экономиканы дамыту, бұғатталған ирандық активтерді босату және өтемақы төлеу тетіктерін қамтитынын жеткізді. Бұдан бөлек, түпкілікті құжатта ядролық бағдарлама мен санкцияларды алып тастау мәселелері қарастырылмақ.

Министр жоғары деңгейде байытылған уран мәселесін Иран аумағында шешу қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, 60 пайызға дейін байытылған уран қорын қысқартудың ең тиімді жолы – бұл процесті ел ішінде жүзеге асыру.

Сонымен қатар тараптар бір-бірінің ішкі істеріне араласпау және әскери күш қолданудан бас тарту жөнінде өзара міндеттемелер қабылдауы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Иранды келіссөздерді созып жатыр деп айыптаған болатын. Кейін АҚШ Иранның оңтүстігіндегі нысандарға соққы жасап, келісімге келмеген жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Өз кезегінде Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін бағыттарды жауып, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданатын операцияның алғашқы кезеңін бастағанын хабарлады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp