Қазақстандағы ірі жұмыс берушілер еңбек ардагерлерін қолдау бағдарламаларын кеңейтіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, компанияның тұрақты дамуы тек жас мамандарды тартумен ғана емес, ұзақ жылдар бойы кәсіпорынның өркендеуіне үлес қосқан қызметкерлерге деген қамқорлықпен де өлшенеді.
Бұл мәселе әсіресе өнеркәсіп саласы үшін маңызды. Себебі дәл осы салада еңбек әулеттері қалыптасып, өндірістің дамуына ондаған жыл бойы еңбек еткен мамандардың тәжірибесі мен білімі негіз болды.
Соңғы жылдары көптеген ірі кәсіпорындар еңбек ардагерлерін қолдауды бір реттік әлеуметтік көмекпен шектемей, зейнетке шыққаннан кейін де жан-жақты қолдау көрсететін жүйеге айналдырып жатыр.
Осы бағыттағы мысалдардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясы. Қазіргі таңда компанияның тұрақты әлеуметтік қолдауында өндірісте ұзақ жыл еңбек еткен 180-нен астам ардагер бар.
Компания ардагерлерге материалдық көмек көрсетіп, медициналық қызметпен қамтамасыз етеді, шипажайларда емделу мүмкіндігін ұсынады, сондай-ақ түрлі атаулы төлемдер ұйымдастырып, олардың кәсіпорындардың қоғамдық өміріне қатысуына жағдай жасайды.
Тек 2026 жылдың өзінде еңбек сіңірген қызметкерлердің сауықтыруы мен шипажайлық емделуіне 157 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 125 ардагер ем алып, оңалту бағдарламаларынан өтті.
Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, ардагерлердің жесірлеріне және соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Мерекелік және атаулы күндерде оларға арнайы барып, азық-түлік себеттері мен материалдық көмек табысталады. Биыл кейбір қолдау түрлерінің көлемі екі-үш есеге ұлғайтылған.
Мамандардың айтуынша, мұндай бағдарламалар тек әлеуметтік төлемдермен шектелмейді. Олар кәсіпке деген құрметті арттырып, буындар сабақтастығын нығайтады және қазіргі қызметкерлерге олардың еңбегі зейнетке шыққаннан кейін де бағаланатынын көрсетеді.
Өнеркәсіптік өңірлер үшін мұндай саясаттың маңызы ерекше. Өйткені ардагерлер өндірістік мәдениеттің, кәсіби дәстүрлердің және бірегей тәжірибенің сақтаушылары болып саналады. Олардың білімі мен өмірлік тәжірибесі жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, саланың одан әрі дамуына ықпал етеді.
«Қазақмыс» корпорациясында ардагерлер бұрынғы қызметкер ретінде емес, үлкен өндірістік отбасының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Компания Ардагерлер кеңесіне тұрақты қолдау көрсетіп, сауықтыру бағдарламаларын ұйымдастырып, еңбек сіңірген азаматтарды құрметтеу дәстүрін жалғастырып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасау – әлеуметтік міндеттемеден бөлек, кәсіпорындардың қалыптасуына және елдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуына үлес қосқан адамдарға деген құрметтің көрінісі.