Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жағдай тұрақты. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Әзірге елге кірген жолаушылар арасынан дене қызуы көтерілген немесе аса қауіпті инфекция белгілері бар адамдар анықталмаған.
Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға таралу қаупі төмен.
Иркутск облысының өзінде мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда инфекцияға күдікке қатысты нақты диагноз ресми түрде расталмаған. 28 жастағы әйелдің өлімі әзірге этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде қарастырылып отыр.
Медициналық бақылауға 197 адам алынған. Ресми мәлімет бойынша, олардың ешқайсысынан ауру белгілері байқалмаған, зертханалық сынамалар да теріс нәтиже көрсеткен.
Ресейдің Роспотребнадзоры 4 қазанда Иркутск, Иркутск облысы және Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін, оба ауруы тіркелмегенін хабарлады.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды дүрбелеңге салынбай, тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды. Сапардан кейін денсаулыққа қатысты күмәнді белгілер байқалса, дәрігерге жүгініп, қай жерде және қашан болғанын айту ұсынылады.