Испаниялық Yolinata есімді TikTok қолданушысы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына деген шексіз сүйіспеншілігін көрсетіп, желіде үлкен резонанс тудырды. Ол "Ұмытылмас күн" әнін түпнұсқада орындау үшін сөздерді грамматикалық ереже бойынша емес, өз құлағына қалай естілсе, дәл солай латын әріптерімен жазып алған, дейді Qandastar.kz.
Бұл ерекше фонетикалық тәсілдің нәтижесі мынадай болып шықты:
-
"Пай-пай шіркін ұмытылмас күн" —
pai pai ser kan, omo tal maskens -
"Аңсап күткен арманым сен" —
amsap kur ken arma nam sie -
"Алаулаған таңдарым сен" —
alau la jan tandra ram sie
Испаниялық арудың бұл әрекеті қазақстандық желі қолданушыларын әрі күлкіге қарық қылды, әрі сүйсіндірді. Көпшілік бұл көріністі өздерінің балалық шағымен салыстырып, кезінде ағылшын тіліндегі әндерді дәл осылай қате жазып айтқандарын еске алды. Желіде "Бумеранг деген осы, бұрын өзіміздің ағылшыншамызға күлсек, енді шетелдіктердің қазақшасына күліп отырмыз" деген сияқты жылы әзілдер қаптады.
Сондай-ақ, оқырмандар өзге елдің азаматы болса да, ана тілімізге құрмет көрсетіп, әнді түпнұсқада айтуға ұмтылған жанкүйерге шынайы ризашылықтарын білдіруде. Қысқа уақыт ішінде ондаған мың қаралым жинаған бейнежазба әлеуметтік желіде белсенді талқыланып жатыр.