IT саласына ауысуды немесе жаңа цифрлық мамандық меңгеруді жоспарлағандарға жақсы мүмкіндік бар, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Astana Hub-тың Tech Orda бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бағдарламаға 18 бен 45 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады.
Ең қызығы — оқу ақысын мемлекет арнайы ваучер арқылы өтейді.
Қанша ақша беріледі?
- офлайн оқу үшін — 500 мың теңгеге дейін;
- онлайн немесе гибридті оқу үшін — 400 мың теңгеге дейін.
Ваучерді IT-мектептердегі сұранысқа ие бағыттардың бірін оқу үшін пайдалануға болады.
Мәселен, мына салалардың бірін таңдауға мүмкіндік бар:
• жасанды интеллект;
• киберқауіпсіздік;
• бағдарламалау;
• деректерді талдау;
• Cloud & DevOps;
• GameDev;
• өнім менеджменті;
• UI/UX дизайны.
Өтінім беруге асыққан жөн: құжат қабылдау 7 қыркүйекке дейін жалғасады.
Бағдарламаға қатысу шарттары, оқу орындарының тізімі және тіркелу тәртібі Astana Hub платформасында көрсетілген. Қосымша ақпаратты таңдаған IT-мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы білуге болады.
Бұл — Tech Orda бағдарламасының бесінші, мерейтойлық маусымы.
Бағдарлама 2021 жылдан бері 12,5 мыңнан астам адамға IT саласында білім алуға мүмкіндік берген. Мониторингке сәйкес, экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан, ал олардың орташа жалақысы 725 мың теңге болған.
Одан бөлек, 3,2 мыңнан астам адам осы бағдарлама арқылы мамандығын ауыстырып, IT саласындағы мансабын бастаған.
Tech Orda түлектерін жұмысқа алған компаниялар арасында Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Finance, Kolesa Group, Kcell, EPAM Kazakhstan, Yandex, Wolt, 2GIS, Deloitte, KPMG, EY және Accenture сияқты ірі компаниялар бар.
Қысқасы, IT-ға кіргісі келіп жүргендер үшін мүмкіндік бар. Ең бастысы — бағытты таңдап, өтінімді уақытында жіберу.