Израиль мен Ливан АҚШ-тың делдалдығымен атысты тоқтату жөнінде келісімге келді. Бұл туралы тараптардың бірлескен мәлімдемесін АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат агенттігі.
Құжатта екі ел өкілдері арасындағы үшжақты келіссөздер 2–3 маусым күндері өткендігі айтылған. Келісім шарттарына сәйкес, “Хезболла” ұйымы толық атысты тоқтатып, оңтүстік Ливан аумағынан барлық қарулы бөлімшелерін шығаруы тиіс.
Мәлімдемеде Израиль мен Ливан бір-біріне қатысты қастық ниеттен бас тартып, болашақта бейбітшілік пен қауіпсіздікке бағытталған кең ауқымды келісім жасауға дайын екені көрсетілген. Сондай-ақ келіссөздер 22 маусымнан кейінгі аптада жалғасатыны хабарланған.
Ливан тарапы АҚШ-тың қолдауымен ел аумағында толық бақылауды күшейту және қарулы күштердің әлеуетін арттыруға міндеттенді.
Ал келісімнің негізгі талабы ретінде “Хезболланы” қарусыздандыру және оның әскери құрылымдарын жою мәселесі қарастырылған. Израиль тарапы мұны ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты ретінде атап өткен.
Бұған дейін АҚШ тарапынан Израильдің Ливанға соққы жасауына тыйым салынғаны айтылған еді. Бұл шешім Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен оның кеңесшілерінің тарапынан күтпеген реакция тудырған.