Ресейдің Қабарда-Балқария Республикасындағы Безенги шатқалында қар көшкінінің астында қалған тағы бір альпинистің денесі табылды. Осылайша табиғи апаттан қаза тапқандар саны 15 адамға жетті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Oxu.az мәліметінше, бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған.
10 қыркүйекте табылған альпинистің денесі тікұшақпен Нальчик қаласына жеткізіліп, құқық қорғау органдарына тапсырылды. Қазіргі уақытта тағы екі адамның тағдыры белгісіз.
Іздеу-құтқару жұмыстары Қазақстан уақытымен сағат 21:00-ге дейін жүргізілді. Ауа райының нашарлауына және қар мен мұз массаларының қайта сырғу қаупіне байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылды. Құтқарушылар жоғалған альпинистерді іздеуді 11 қыркүйекте жалғастырады.
Оқиға 6 қыркүйекте болған. Мижирги тауының баурайынан түскен қар көшкіні альпинистер тобын басып қалған. Топта барлығы 33 адам болған. Олардың 10-ы өздігінен қар астынан шықса, тағы алты адам жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, альпинистер тобын басып қалған қар көшкініне тау жыныстарының құлауы себеп болған.