Қызылорда қаласындағы «Қайсар Арена» стадионы УЕФА-ның ең жоғары – төртінші санатына ие болды, деп Qandastar.kz хабарлады.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, 2026 жылдың сәуір айында УЕФА-ның стадиондар инфрақұрылымы жөніндегі өкілі Скотт Струзерс аренаға инспекциялық тексеру жүргізген. Сапар барысында стадионның инфрақұрылымы УЕФА талаптарына сәйкестігі жан-жақты бағаланған.
Тексеру қорытындысы бойынша УЕФА «Қайсар Аренаға» ең жоғары төртінші санатты беру туралы шешім қабылдады.
Осылайша, Қызылордадағы стадион енді Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңі мен Ұлттар лигасы матчтарын, сондай-ақ Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының іріктеу және негізгі кезең ойындарын қабылдай алады.
Мамандардың айтуынша, бұл шешім өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытуға және Қазақстандағы халықаралық футбол матчтарының географиясын кеңейтуге ықпал етеді.